14.07.2022
  241


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Он үш

Он үш санын шығарғандар санаттан,
Оны көрсе айырылып тағаттан,
Күйіп-пісіп, қалады екен абыржып,
Ит көргендей алып жатқан балақтан.
Мүшел толса төңірегін тазалап,
Он үш жаста мінбесе де қазанат,
Аттың жалын тартып мінген баласын
Біздің қазақ атамай ма азамат.
Он үш деген – туған айдың бір күні,
Емес қой ол толған айдың жыртығы.
Сондықтан да он үшті жек көргендер
Еріксізден келтіреді күлкіні.
Күндер болар қалар көңіл жаншылып,
Қалар кейде кірден жаның аршылып,
Он үш санын жаман жору, шынында,
Жаратқанға, жар болғанға қарсылық.





Пікір жазу