14.07.2022
  71


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Қан майдан

Кесілген соң тамырынан қан шығып,
Терек болып жетілмеді тал-шыбық.
Қалың шалғын душар болған жалынға,
Шөбі болып жарытпады малдың да.
Уылдырық жем болғанда балыққа,
Жұмыртқасын таппай қойды тауық та.
Балапандар қанаттары қиылған
Құзғындар мен жыландарға бұйырған.
Арлан болып үлгірмеді бөлтірік,
Үңгірінде кетіпті оны өлтіріп.
Бесігінен белі шыққан жас бала
Мүшелге де жете алмаса – масқара!
Ерте тозып сапасы жоқ бұйымдар,
Теңге болып жиылмады тиындар.
Жатқан шақта жаңа сауған сүт ашып,
Бал орнына уды кейде жұтасың.
Кездеседі деп ойлама сор қайдан?
Мұның аты – фәнидегі қан майдан.





Пікір жазу