14.07.2022
  95


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Жарық

Жарық сөніп, компьютер өшіп қалды,
Аяқталмай қанша ісім тосып қалды,
Осы бір жай тап болған тұтқиылдан
Бітпей жүрген жарамды қасып қалды.
Қағып-соғып біреуді, бастан аттап,
Сыртқа шықтым қарамай қас-қабаққа,
Көлік біткен жүрісін баяулатып,
Абыржиды көшеде сасқалақтап.
Бағдаршамдар көздері бақырайып,
Жапалақтай қалыпты жапырайып.
Жарық сөнген үйлер де мөлиеді,
Дегендей-ақ:»Біз сырттан бақылайық!»
Қалалардың шамдары самаладай
Ғажап болып көрінген маған ұдай.
Жүргендер көп ұмытып өткен күнін,
Білте шам мен май шамды бағаламай.
Өшпейтұғын кеудеде отың барда,
Жастық жалын алаудай лапылдар ма?!
Жарық кейде жетпейді үй астына,
Жарық кейде жетпейді шатырларға.
Жарық жанып тұрған соң қорамызда,
Оның құнын білмейтін баламыз ба?!
Қолда барда алтынның қадірі жоқ,
Жарық кейде жетпейді санамызға.
Жарық жетпес жерлердің дерті кімде,
Жарық бар ма, білмеймін, жер түбінде.
Жарық бар ма қараңғы қуыстарда,
Жарық бар ма тұңғиық көл түбінде?
Күн көзіне бар әлем қарық болса,
Жерде, көкте, теңізде жарық болса,
Жаратқанның бір өзі жар болады,
Не болады сол жарық сөніп қалса?!





Пікір жазу