14.07.2022
  228


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Қайырым

Бұл жалғанда жимай жүрген айылын
Патшалар да жасайды екен қайырым.
Кем-кетіктің мұқтаждары тола ма,
Айту қиын білмей жатып байыбын.
Жуып-шайып фәнидегі айыбын,
Ханымдар да жасайды екен қайырым.
Садақаны қалай, кімге бермекші,
Әрқайсында санасына сай ұғым.
Қайырымда бар әртүрлі айырым,
Кейбіреуі бір-ақ күндік қойылым.
Кедейлерге жомарт болып көрінген
Кеусен берген әспеттейміз бай ұлын.
Тайыз суда жүзбей қойса қайығың,
Төрт түлікке жетпей жатса жайылым,
Жоқтың орнын жаппаса да түп-түгел,
Әлсіздерге әл береді қайырым.





Пікір жазу