14.07.2022
  86


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Жолда

Біреулердің ашық-жарқын қабағы,
Біреулердің тұнжыраған жанары.
Бірі түсіп, бірі мініп жатады
Вокзалдарда вагондардың қонағы.
Біреулердің көтеріліп ыстығы,
Тонып-жаурап енді біреу қыс күні,
Өзеуресе карта ойнаған жігіттер,
Жолаушының естіледі мысқылы.
Билет барда ешкім жолда тастамас,
Орындардың үстінде – үлкен, аста – жас,
Біреу отыр ағыл-тегіл тамақ жеп,
Біреу отыр жадап-жүдеп, аштан аш.
Әңгіменің тұрған шақта иі кеп,
Бейтаныстың көршісіне сыйы көп.
Ахуалды барлап-байқап қайтады
Вагонға да погондылар жиі кеп.
Ешкі-сынды елжіреткен лағын,
Телефонға тосып алып құлағын,
Бір келіншек әмір беріп еріне,
Айтып жатыр күтіп алар тұрағын.
Шам жанғанда жарығындай әр үйдің,
Жан жылынар үні естілсе сәбидің,
Тоқсан тағдыр бір арнада тоғысқан,
Мына вагон – айнасындай Фәнидің.





Пікір жазу