14.07.2022
  90


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Алма бағы

Өмір маған алма бағы секілді,
Алма бақтан ой аулайсың не түрлі.
Қызыл алма ұққандай-ақ ниетіңді,
Қызықтырып, билеп алар еркіңді.
Құрт жайлапты өзегін кей алманың,
Шарасыздан бармақ тістеп, өкіндім.
Қызармай-ақ көктей солып кей алма,
Арманда боп қалды көп жан жей алмай,
«Қайтіп үзем?» – десе біреу қия алмай,
Арам қолын созды біреу ұялмай.
Бір делқұлы жемісті әлі піспеген,
Жұлып алып, салды ауызға, ой, Алла-ай!
Адамзаттан артылған ба айла-амал,
Бақша деген берік емес, жай «қамал».
Кезбе көңіл қай мезгілде жайланар,
Ес тоқтатқан кісі болса ойланар...
Бөліп жеген Адам ата, Хауа ана
Ең тәтті алма, бірақ, қазір қайда бар?!





Пікір жазу