14.07.2022
  106


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Жарты

1.
Жарты деген орта, олқы деген сөз,
Жарты деген жалғыз, жалқы деген сөз,
Жарты деген қызып тұрған базардың
Көрген талқы анық нарқы деген сөз.
Жартыларға жүрсең жақсы күтім қып,
Сол жартыдан құралады бүтіндік.
Бір жартыдан айырылып қалса да,
Екіншіге еткендер көп шүкірлік.
Жарты десе жан-жүйесі жаншылар,
Санасы кем жарыместер бар шығар.
Тұтастыққа жетпей жүрген жартылар
Бұл өмірде емес, сірә, таусылар.
Тумауы үшін кемтар болып жарты өлең,
Тебіреніп, күйіп-жанып, өртенем.
Жартыларға жар болсын деп Жасаған,
Жаратқанға жалбарынам ертемен.
Тіршілікте тоқсан тарау, шарты мың,
Аз болса екен жарлы сезім, жарты ұғым.
Екі жарты бүтін болса болғаны,
Бірлігінің ұйтқысы сол халқымның.
2.
Жұрттың көбі бүтінмін деп мәз екен,
«Бәрі бүтін кім бар?» – дейді қазекем.
Көрген күнге жүргенімен шүкір қып,
Бүтіндікке қол жеткізген аз екен.
Тұтастықтан пана тапса халқымыз,
Сен де жарты, ұл да жарты, жарты қыз.
Әуел баста бізді жұптап жаратқан
Алла бүтін, қалғанымыз жартымыз.
Жалғыз деген күннің де бар сыңары,
Ол жоқ кезде айдан жарық шығады.
Олқылығы жетіп жатқан адамның
Көп қылығы жарты болып шығады.
Тіршілікті неге шақтап өлшеппіз?!
Ризамыз бір жақсылық көрсек біз.
Бір деген сөз тек Аллаға жарасқан,
Қалғанымыз оған ерген бөлшекпіз.
3.
Неге, неге «екі жарты – бір бүтін?»
Құпияны аша алар ма сырлы түн.
Бүтін деп біз нені айтамыз әдетте,
Ішкен су ма бір ұрттам,
Ауа ма әлде бір жұтым?!
Қазы сотта шешім айтса үкім қып,
Пәтуада бар деймісің бүтіндік?!
Қоғам оны қабылдай ма күмәнсіз,
Алғыс айтса бір адам,
Қарғыс айтса бүкіл жұрт.
Жарты десе – әлі де орта болғаны,
Бүтін болса – шарасының толғаны.
Сондықтан да жалқылардың әлбетте
Арқа сүйер қорғаны
Бүтін болу – арманы.
Алға бастар көсем болса ел көшін,
Қалың елдің бүтін қылар іргесін.
Біртұтас боп ұйып тұрған халқымды
Тіл мен көзден сақтасын,
Әзәзілдің оғы тиіп жүрмесін.





Пікір жазу