14.07.2022
  127


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Досқа тілек

Досым, саған қандай бата беремін,
Қабағыңнан тек мейірім көремін.
Жүзеге асып көңілдегі ойларың,
Жүзіңнен нұр тарап тұрсын дер едім.
Өткір көзің, семсер сөзің, байламың –
Жау қашырар жарақ болсын дер едім,
Судың шеті, таудың ұшы болса да,
Жетсем деген талап болсын дер едім.
Алда қандай қиын бөгет тұрса да,
Ізгі істерің сауап болсын дер едім,
Ат мертігіп, арбаң жолда сынса да,
Жақсы-жаман сабақ болсын дер едім.
Тәлім алған ұл мен қызың санаулы
Жұмсауыңа жарап тұрсын дер едім,
Ғұламалар парасатты, қалаулы
Жүздесуді қалап тұрсын дер едім.
Жомарт атың жалпақ жұртқа жайылып,
Киер киім, тамақ болсын дер едім,
Дастарханға адал асың қойылып,
Қыдыр келіп қонақ болсын дер едім.
Қайырымың таудай болып жиылып,
Жамандықтар талақ болсын дер едім,
Жаратқанның жақсылығы бұйырып,
Қайда жүрсең, жол ақ болсын дер едім.
АллаҺу әкпар!





Пікір жазу