14.07.2022
  100


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Жауабы жоқ

«Жәрдем қыл!» – деп сұраса адам тілеп,
Қай мүшесі болады оған тірек?!
Оң аяғы ілгері ұмтылса егер,
Сол аяғы тұрмай ма табан тіреп.
Бір тууға анадан жараса да,
Бір-біріне ағайын қараса ма?!
Төбелессе бір қолың, екіншісі
Дайын тұру керек қой арашаға.
Бірін білсек жалғанның, бірін білмей,
Тура жолдан өтсе екен сүріндірмей.
Бір маңдайға екі көз бітсе-дағы,
Өтеді екен біреуі бірін көрмей.
Дүйім елді сөзіммен ұйыттым деп,
Тауқіметін тірліктің үйіппін көп.
Ауыз біреу болғанмен, ерін екеу,
Үстіңгі ерін мақтанар биікпін деп.
Ағыздым деп жүрсем де жыр бұлағын,
Суын ішкен бұлақтың бірлі-жарым.
Бір құлағым қабылдап алған сөзді,
Жібереді шығарып бір құлағым.
Толған сұрақ жауабын табамын деп,
Қазанына миымның саламын кеп.
Сауалдар көп...
Көбінің жауабы жоқ,
Қылар шара, жасайтын амалым жоқ.
Қайнап-қайнап, сарқылып қала ма деп,
Лүпілдейді кеудемде дара жүрек.





Пікір жазу