14.07.2022
  163


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Адал және харам

Арам шөптей қаптап кеткен егінге,
Арамдар көп өмірде.
Адалдықты қалам десең құтқарып,
Мақсатыңнан бір қадам да шегінбе.
Көңіл қойып, көз жіберсем өткенге,
Бабаларым сүйенгенде кетпенге,
Бидай ақтап, тары түйіп, талқан жеп,
Аман жеткен көктемге.
Төрт түлігі өрісінде жайылған,
Сүтін ішіп, қырда жылқы қайырған,
Егін салып, арам шөбін отаған,
Ұнды да олар кебегінен айырған.
Ақ бидайдың дәні менен сабаны,
Қызыл гүлдің жемісі мен сабағы
Өсіп-өнген топырақта, әрине,
Тас та, күл де болады.
Көргеннен соң жақсы менен жаманды,
Аталардан қалған бізге жоралғы:
Денсаулығым болсын десең түп-түгел,
Айыра біл адал менен харамды.





Пікір жазу