14.07.2022
  142


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Құрбан шалғанда

Көрдім тағы құрбан шалу рәсімін,
Қара сиырдың байланбаған аяғы.
Бауыздаудың меңгерген ғой тәсілін,
Қас қасапшы байламай да сояды.
Алмас пышақ істеген соң білгенін,
Әппақ қарға ағып жатыр қызыл қан.
Қызыл қанды қорықпай басып жүрген кім,
Пейілден бе аяқ асты бұзылған?!
Сойған малдың жаны шықса қиналмай,
Қасапшыны теңемейсің жендетке.
Бір өзіңде жұмақ кілті тұрғандай,
Ырзалықтың нышаны бар келбетте.
Құрбан жайлы болады екен сан ұғым,
Бай кеуілді көрсеткендей мырзалық.
Құрбан шалу – күнәлардан арылу,
Құдіретті Жаратқанға ырзалық.
Үмітпенен өтіп жатыр өмірім,
Кемдік болса, кейін бәрі жөнделер.
Кешір, Алла!
Мейірім мен көңілін
Білдіргісі келген шығар пенделер.
Ойсыз жандар жан-күйімді сезбепті,
Білмей тұрмын.
Өңім бе, әлде түсім бе...
Айт күндері айтылатын сөз көп-ті,
Соның бәрін сақтап тұрмын ішімде.





Пікір жазу