14.07.2022
  83


Автор: Ақылбек Шаяхмет

Ұқсайды

Мысық пенен жолбарыс бір біріне ұқсайды,
Бірі тұрса сескеніп, бірі қорқып, қашпайды.
Шибөрі мен қасқыр да бір біріне ұқсайды,
Жүрексінсе біреуі, бірі абыржып, саспайды.
Бүркіт пенен құзғын да бір біріне ұқсайды,
Бірі көкте самғаса, бірі биік ұшпайды.
Қошқар менен арқар да бір біріне ұқсайды,
Бірі қалса етекте, бірі тауға бастайды.
Шортан менен шабақ та бір біріне ұқсайды,
Бірі бәрін жалмаса, бірі аран ашпайды.
Ара менен сона да бір біріне ұқсайды,
Бірі балды жинаса, бірі оны ластайды.
Судың асты тұңғиық зеңгір көкке ұқсайды,
Зеңгір көк те көкпеңбек су астына ұқсайды.
Көкте, бірақ, ұшқан құс балықтай боп жүзбейді,
Суда жүзген балық та, бірақ, құстай ұшпайды.
Төрт аяқты немесе екі аяқты болса да,
Хайуандар мен төрт түлік бір біріне ұқсайды.
Адам менен адам да бір біріне ұқсайды,
Бірі теріс, біреуі тура жолға бастайды.
Нағыз адам қыс, жазда ыстықтаса, тонса да,
Ақыл-еркін үнемі бір қалыпта ұстайды.





Пікір жазу