14.07.2022
103
ӨЗІМДІ АЙЫПТАУ
Шыдамсыз, төзімі жоқ, күйгелекпін,
Көмейге көп сөз жетер кимелеп тым.
Жадырап атқан таңдай жүре алмаймын,
Тартады түнегіне сүйрелеп түн.
Әрең тұр жыртылуға жүйкем жидіп,
Ақылым айта алмай тұр икем, билік.
Төгілген ашу – дұспан, жанармайдай,
Оттық боп жақын келіп тисең күйдік.
Сабырды сарқып алған сорлы басым,
Жүректі босқа жаншып, қор қыласың.
Адассам ақылымнан алты секунд,
Айналам – шимай-шатпақ, ор-құласын.
Қоймайды сүйрелеңдеп тілім бұзық,
Болмай тұр күнім – күлкі, түнім – қызық.
Жүрекке жүгінгеннен басқа жол жоқ,
Ұятқа қалдыратын үнімді үзіп.