14.07.2022
  155


Автор: Дәулетбек Байтұрсынұлы

САБЫР, САБЫР

Сабыр, сабыр, тыныштық бер жүрекке,
Лақтырылуға ілінсем де күрекке.
Сойған адам тілгілейді, іреп те,
Оған бола рухыңды жүдетпе.
Иә, Дәуке, мадақ сөзге құлағың
Үйір болып, биіктеген тұрағың.
Өмір деген кейде саған безбүйрек,
Маңдайыңнан сипай бермес, шырағым!
«Асекеңнен аспайсың» деп мұқалтып,
«Ал, Жәкеңе жетпейсің» деп жұқартып.
Түңілдіріп жібереді түртпектеп,
Қалмағандай көз алдымда ұтар түк.
Сөзім зая, ойым өтпей осы күн,
Санасына жетпей жатыр кесімім.
Жат пиғылмен тыжырына қарайды,
Өлеңімнің ашпай тұрып есігін...
Жыр жұға ма, сөз өтер ме, дари ма ән,
Мынау пенде, мендей құлды тани ма?
Жазғандарым – Жаратқанға мінәжат,
Көктеткенім көкіректен – ар, иман.





Пікір жазу