ТОЗАҚТЫҢ ЕЛЕСТЕЙДІ ҰШҚЫНДАРЫ
Өліммен бітер болса қасіретің,
Сүйектен сыпырылып жасық етің.
Қажеті қанша дейсің қорқыныштың,
Аузыңа құйылса да тасып өтің…
Шаттығың қайғы-мұңың өлімменен,
Тиылса, ендігәрі көрінбеген
– Жөн – дейсің!
Олай емес, жалғасады…
Еркіңмен жата алмайсың қабірде кең.
Тәңірге тәнің өліп, жан қайтады,
Молаңды дөң басына жарбайтады.
Күнәңды азап келіп аралайды,
Рухың мәңгі бітпес зарды айтады…
Тоқтамас өлімменен істің бәрі,
Үскірік бойдан асар қыстың қары.
Жіберген пенделікпен қатемді ойлап,
Тозақтың елестейді ұшқындары…
Өліммен сарқылмайды соның бәрі,
Паспортым – «иман бар ма» қолымдағы.
Іздедім жан ұшыра жарық әлем,
Қуғыншым – мың әзәзіл соңымдағы.
Ешқашан қорықпаймын өлемін деп,
Тілеймін «иманы бар бер өлім» деп.
Аллаһқа ұнау үшін екі әлемде,
Күн кешем рухымның қорегін «жеп»…