14.07.2022
90
БІР ЕСІМ
Алқын да жұлқын аз ғұмыр,
Жайлауым сынды жазғы бір.
Осыны сезіп ертерек,
Жүрегім менің жазды жыр.
Кім келіп кімдер кетпеді,
Қуарып қанша көктеді.
Раббым білер бәрін де,
Болашақты да, өткенді.
Сөзімнің ұқсаң төтесін,
Қайсысың Абай, Гетесің?
Жұрнағың қалмай әлемнен,
Жұтылып бір-ақ кетесің…
Жасағанымен қан қасап,
Әлсізді күшті дарға аса,
Борбайлап жүрген Буштың да,
Демократиясы далбаса!!...
Аллаһтың заңын таптаған,
Ақымақ бүгін қаптаған.
Бағынбай нұрға азып жүр,
Лаң салып жатыр лат надан.
Абайдан асып айшықтап,
Бере алдың қане айтып нақ?!
Мұхтар мен Мұқағалиға,
Дау жасап, кімдер айтыспақ?..
Өшірер уақыт алмасып,
Су шайып әлде жар басып.
«Измдердің» жабайы,
Жалына жүрсің жармасып.
Асыл аз, тым көп күресін,
Күзетсең танып білесің.
Мың мықтылардан ақыры,
Қалатыны бір есім!