14.07.2022
  134


Автор: Дәулетбек Байтұрсынұлы

Иман тілеп, Жаратқан жалынамын өзіңе...

Иман тілеп, Жаратқан жалынамын өзіңе,
Кетпей тұрып кездессем
бұл фәниден көз іле.
Осы күні жүректің төрін саған сыйладым,
Жеңіл етіп ертеде қосып келсем сөзіме.
Иман тілеп нұрланған көкірекке шам сұрап,
Жалынамын ұлы Аллаһ
жанардан жас тамшылап.
Қанағатты Сабырым қайтып берді бойыма,
Көнбей жатыр өр нәпсім
жаншылса да қансырап.
Иман тілеп мол азық екі әлемде ортаймас,
Қуат берер жаныма, жігер берер қартаймас.
Шапағатын Расулдың,
махаббатын сұраймын,
Өсиет қып қалтырған
сүнна бізге – жол таймас.
Иман тілеп рухыма көркемдігін аңсаймын,
Өзен болып біріккен бұлағындай әр сайдың.
Сыртыма емес, сынақ күн ішіме бер қазына,
Дәмі қалды білмеймін,
қанша күн мен қанша айдың?!





Пікір жазу