14.07.2022
  89


Автор: Дәулетбек Байтұрсынұлы

ҚАҒАЗДЫҢ БЕТІНДЕГІ ІЗІМ МЕНІҢ

Тордағы арыстандай аласұрдым,
Қылғытты тірлігімді қара сұр күн.
Жүрекке қырау қатқан секілденді,
Көрмеген жақсылығын жанашырдың.
Адам көп айналамда жерді басқан,
Сонда да пенде тапшы елдігі асқан.
Алтын күн көкжиектен көтерілмей,
Түнекте қалатындай ендігі аспан.
Тар үйде тағдырыммен тіл қатыстым,
Әуені әлдилейді күн батыстың.
Қаптаған маңайымда мыңдап малғұн,
Нәпсімді өлтіре алмай күнде алыстым.
Жас жаным – өзендегі бір салынды,
Отынмын
Жел ұшырған күл, шаңымды.
Алыстым, ауыздыққа көндіре алмай,
Тәніме билік құрған ынсабымды.
Қайраңға түскен жандай қашып құттан,
Мелшиген аумай қалдым пасық-пұттан.
Қараймын Адам ата, Хауа анаға
Екі жүз елу мың жыл қашықтықтан.
Жеңе алмай өзімді-өзім арпалыстым,
Мекендеп көлеңкесін қалтарыстың.
Келгендер адамдығын сақтағысы,
Байқаймын бәрі мендей алты арыстың.
Жан біткен күйіттесе кісілігін,
Өзгеше болар еді ісі бүгін.
Тәнінің қажетіне жалданады,
Өзгерту қиын жұрттың түсінігін.
Жылуын сезіне алмай ұясынан,
Мен – жанмын,
Бездім дене – қиясынан.
Сірә да қандай адам болды десең,
Танисың қаламымның сиясынан.
Қағаздың бетіндегі ізім менің,
Көресің шежіремнің тізімдерін.
Арымның, ниетімнің бедерлері,
Ұғасың ұлдарым мен қызым менің.
Шаншылған бұрғыдайын құйын көкке,
Миымды өзегіне үйірмекте...
Жанымның ғашықтығы аруда емес,
Құмарттым, бір Құдайым – қиыр көкте!
Танып мен Иемді бүгін,
Піскендеймін.
Қанып бір кәусарыңнан ішкендеймін.
Ібіліс зынданына өтті байлап,
Амал не, есім кірді түстен кейін.
Ойланып, тегін біліп тапсын деген,
Достастым Алла сыйы – нақ шынменен.
Рухымды қансыраған сүйемелдеп,
Шайқастым қылыштасып нәпсіменен!





Пікір жазу