14.07.2022
110
Быжылдап күйді, от ұрып тәнім...
Быжылдап күйді, от ұрып тәнім,
Жүректен ақты жосылып қаным.
Айналам арсыз тірліктен безіп,
Тыныштық аңсап отырып қалдым.
Ақшаның арты – қайраңды батпақ,
Қошемет етер айлаңды мақтап.
Санасыз үшін өмір – жеп, ішу,
Сауық қуады сайранды жақтап.
Үскірік аяз бораса қарып,
Жығылсам түбір, томаша қағып.
Өкінбес едім,
Өзімше кетсем,
Байыз тапсам бір оңаша барып.
Көрпеге малу жанбасты қалың,
Жараспайды екен алмастырамын,
Жеті қат көктің нұрын сүйемін,
Жүрегімменен жалғастырамьн.
Үйіме келсең үйіп-төгемін,
Үйлесім тауып иіп беремін.
Жүректің ғана жиып керегін,
Арманым – анау биікте менің!