14.07.2022
  75


Автор: Дәулетбек Байтұрсынұлы

Пәктіктің танып білмей биіктігін...

Пәктіктің танып білмей биіктігін,
Дүміне табынады иықтының.
Жіберер арсыздыққа айырбастап,
Құшағын оттай болған сүйктінің.
Ермек қып арзан атақ, ыржалақты,
Қолымен «Қуыршақты» мылжалатты.
Шығарып шың басына жыртқыштығын,
Шыңырауға кісілігін сырғанатты.
Мінеки, бүгінгінің адамдары,
Нәпсінің билігі үстем даламдағы.
Былғаныш сірә осындай болды ма екен,
Жер шары тұрақ болып жаралғалы?!
Барамыз зырлап жер мен күнді айналып,
Ұшып жүр күн шарымыз кімді айналып?
Есепсіз құбылыстың барлығы да,
Алланың әмірімен тұр байланып!
Алланың, адам білмей биіктігін,
Келтірмей кәлимаға ұйып тілін,
Ібіліс балапандар өргізгендей,
Ластығын жер бетіне жиып бүгін.
Мен жердің бөлшегімін әуел бастан,
Аллаға күллі ғалам, тәуелді аспан.
Аттаған әр қадамым қисық па деп,
Именіп қаһарынан зәрем қашқан.





Пікір жазу