АБАЙ НАР
Биссмиллаһы Рахманир Рахим,
Жолын қуған мен Абайдың бір ақын.
Құдай, Құран, Сенім – мәңгі серігім,
Арлы, иманды болу менің мұратым!
Пенделер-ау, тоқсан тоғыз айлаң бар.
Кешке жетпей таңертеңгі байламдар.
Ырысты елді иманынан айырған,
Кірмелерге асыранды тайғандар...
Ақшаң жоқ па,
Абайға айтпа,
Білекке айт.
Балтаң тесе,
Тас қайраққа білеп қайт.
Ездікті айтпа, түктері бар жүректі айт,
Ел сүйінер, ел сүйенер білекті айт!
Сөз қадірін ұқпады деп мынау жұрт,
Ұқтыра алмай, ұйыта алмай, жүр-ау қырт.
Әзімбайлар әлі тірі тірлікте,
Талайлардың аузын жауып тұр-ау мұрт.
Бөзге айналды дегеніңмен «сөз – маржан»,
Маржан төгер маңғаздарым кез қалған.
Өзгелерге шарапаты жетпейді,
Зорға өзіңді асырайды өз қалжаң.
Бар кезінде бақытыңды айт, есің,
«Жоқ» дегенге тартпас ешкім май төсін!
Сансыз жоқты жоқтап өткен бабаның,
Әз аруағын әурелеп сен қайтесің?!
Дана Абайдың дінің бар ед ойында ақ,
Сенімі жоқ пенде қалай тойынбақ?
Құдай жайлы, Құран жайлы айтқанын,
Айтпағансың, осыған кел мойындап!
Бір-ақ күнде кетер деме түзеліп,
Ұлың мәңгүрт, жат құшақта – қыз-өлік.
Қасиетін танымаған Абайдың,
Қылмысыңа...
Қайта келіп тізе бүк.
Ғасыр бойы қашып келдің жоламай,
Табылды да тас жүректің жолы оңай.
Аристотель,
Екінші ұстаз – Фараби,
Мұхаммедтің жолын қуған сол – Абай!
Құдай рас, шын сенімнен таймаңдар.
Ғасыр бойы арқандалды, қайран нар!
Абай деген – данышпаны қазақтың,
Аллаһ жайлы айтып кеткен байламдар!