ЛӘТИПА ЛҮПІЛІ
Ләтипа – жүрек орталық мейір мекені,
Ол сені ізгі биікте нұрлы етеді.
Қуаты үстем құлшынтып салар қиынға,
Әсерлі сазы ғаршыға еркін жетеді.
Ләтипа – сезім мың талшық тарам жіңішке,
Көктемдей көркі көңілді мизам жібітсе.
Періште қиял пернесін тағып әрлейді,
Ән қағып қанат, аунақшып толқыр жыр іште.
Домбыра – жүрек, Ләтипа оның – ішегі,
Әдемі толғау шанаққа шақ боп түседі.
Сырлы әуен терең ләззатқа бөлер көңілді,
Рухыңның шөлі бір қанбай оны ішеді.
Ләтипа – сезім тамыр жіпшесі тартылған,
Өнбойы оның қанағат, қайыр, ар тұнған.
Ләтипа – махаббат, Иеге деген іңкәрлік,
Бағасы артық бар ғаламдағы алтыннан.
Ләтипа – нәзік аялап оны үзбедім,
Көбейте түссем қабаты қалың тізбегін.
Ләтипа лүпілі – соғуың сондай ғаламат,
Жаңылмайын деп күйіңді күнде іздедім.
Ләтипа – намыс, оянар болса жанданып,
Жүрек құмарын іздейді өксіп, зар қағып.
Ләтипа – тілек, ырғағын тапса әуезін,
Дүние гүлденіп, нұрланар түнек жап-жарық.