13.07.2022
  63


Автор: Нұрмұханбет Боранбаев

Ескіреді жаңалар ескіреді...

Ескіреді жаңалар ескіреді,
Қызыл шапақ даламның кешкі реңі.
Қына басқан тарих қойнауынан,
Қоңыраулы керуенмен көш кіреді.
Ескіреді елеусіз мына ғасыр,
Дүрбелеңі дамылсыз ұлан асыр.
Көк иегін сыйпалап көк тұқылдар,
Көсемсиді айтқан боп балаға сыр.
Ескіреді бәрі де ескіреді,
Дос тілегі шарпысын, отты лебі.
Шер мен зардың қанжары жүректерді,
Қарақшыдай қанқұмар кескіледі.
Ескіреді замана ескіреді,
Тулап жатыр толқындай көшкін легі.
Теңізіне тірліктің қайық салып,
Телегейде толассыз есті бәрі.
Ескіреді бұл дәуір ескіреді,
Ес білері егілген, естілері.
Кемеңгердің кемесі құмға шөгіп,
Саудагердің үні өктем естіледі.
Ескіреді ессіздер ескіреді,
Дауыланан дәуірдің сескенеді.
Келер ұрпақ кемеңгер, кемел ойлы,
Келешекте ғаламат кестелері.
Жаңарады замана жаңарады,
Дараланып дарабоз даналары.
Күресінге итеріп керексізін,
Жасыл бақ боп жайқалар жан аралы.
Жаңарады жас арал жаңарады,
Жұлдыз-жүрек жарқылдап жанар әлі.
Желбірейді жырақта жағалауда,
Жастық шақтың бұлғаған орамалы.





Пікір жазу