13.07.2022
  115


Автор: Нұрмұханбет Боранбаев

Бақалшы тірлік бағалар, нарықтың арзан-қымбатын...

Бақалшы тірлік бағалар, нарықтың арзан-қымбатын,
Көмейден өлең сорғалап, қандырып мейір, жырла ақын.
Тірлікке қажет бүгінгі, теңге боп бұйым тұр жақын,
Күйкі іспен өтті күндізің, шабытын шашсын жырға түн.
Жапырақ жайсын жас қайың, денесін таңғы шық шылап,
Найзағай кәрін төкпесін, найзасын түйреп, сұққылап.
Тосқанда тағдыр талқысын, жеңісті алдан күт бірақ,
Өмір мен өлім беттессе, гүл өмір тұрсын мықтырақ.
Ақырғы әнін айта алмай, көмейге өксік кептеліп,
Нысана болып жендетке, тектілер кетті текке өліп.
Жоқтаусыз қалып жайсаң жан, мүрделер көрге жатты еніп,
Өртеді ажал өмірді, лапылдап жанып от көрік.
Сілкініп қалып сестілер, шайқалды шырқау шынар шың,
Аранын ашқан сұм ажал, салуға сойқан құмарсың.
Замана зарын тыңдасаң, егіліп іштен жыларсың,
Жылдарың өтер жылыстап, асылдың құнын ұғарсың.
Зауалын тосты залымдар, билікке жетіп сан ойсыз,
Тұлпардың бағын байлады, бәйгеге шауып өнерсіз.
Тұлпарды тұсап тұғырлар, сыйларын алды салмақтап,
Дәуірге сыйлы ұлдарың, замана қашан толғатпақ.
¥ранға-сүрен қосылып жемісін тердік айғақтап,
Ғарыштық ұшқыр жылдамдық, зердеңді қашан билетпек.
Әтешті көкек мақтады, үндерін тыңдап, ардақтап,
Томаға салып қыранға, қарғалар ұшты қалбақтап.
Бұлбұлың үнсіз булықты, сауықтан шеттеп, сайғақтап,
Сызылтып сырлы әуенін, саздарын қалай селдетпек.
Ертеңің енер есіктен, не берді бірақ бүгінің,
Жыртылған ескі етіктің, жамаумен жүрсің шұлығын.
Үкілеп жүрсің үмітті, жалғап-ап жіптің үзігін,
Тоңасың жазда қалшылдап, ойласаң қыстың сыз күнін.
Тіршілік жүгі иықта, көтердік таңдап ауырын,
Келеңсіз кесір кеселдің, дәрігердей іздеп дәруін.
Жүректе жатқан сәулеге, жылынып келем бауырым,
Базарың барда бақ сына, не берер бүгін дәуірім.





Пікір жазу