13.07.2022
  188


Автор: Нұрмұханбет Боранбаев

Мол сыр бар Маңғыстауда сарқылмаған...

Мол сыр бар Маңғыстауда сарқылмаған,
Дарабоз данагөй қарт даңқың ғалам.
Орнаған өлкемізде алып музей,
Аңыз бар әр тасыңда жарқылдаған.
Сағымың сар даламда толқындаған,
Қыраның қия шыңда саңқылдаған.
Салттарын сары алтындай сақтап келген.
Алып ел Адаймыз деп аңқылдаған.
Дидарын іңкәр жанның нұр өпкен ел,
Иманын жүрегіне түнеткен ел.
Үш жүз алпыс әулие мекен еткен,
Бабамыз Бекеттейін пірдің соңы,
Мүсылман зердесіне гүл еккен ел.
Кермиық кербез дала шалқар бағым,
Өзіңе іңкәр қылып тартар дәйім.
Өзегін өнерімен үзіп берген,
Мәңлік махаббатпен сан саңлағың.
Байтағым бақ дарыған қияны бел,
Жанымның тарқамайтын құмары бол.
Арынды арғымақ жыр, аққу әнді,
Толқынды тулап жатқан күйі алып ел.
Өлкемде өрен жүйрік алып өткен,
Қашаған қазағымды мәлім еткен.
Нұрым жыр нұрын құйып жүрегіңе,
Ақтангер Ақтандар мен Абыл өткен.
Айырылған ботасынан аруанадай,
Шер төгіп қарт Аралбай зарлағаны-ай.
Сәттіғұл шемен байлап шерленетін,
Сүгірің сөз сүлейін арнаған-ай.
Төгілтіп төскейіңде Түмен жырын,
Өткізген өнерімен күрең күнін.
«Қырымның қырық батырын» аманат қып,
Ұрпаққа ұластырған Мұрын жырын.
Жалын от жүрегіме құйшы бүгін,
Күй жоқта көңіл бейуаз ұйқылы күн.
Бабалар бағзы өмірін баян еткен,
Естілер сары белден бір тұнық үн.
Дүние басы думан арты жалған,
Шашылған шартарапқа шалқып арман.
Күй қалған тоқсан тарау толқын толғау,
Өскімбай, Есір, Құлшар күйшілерден.
Төкпелеп Абыл күймен тебіренген,
Есбай, Шамғол, Бегім сал соны керуен,
Нәби, Бекен, Атағұл, Мұрат болып,
Атойлар ақжарма күй алып елден.
Замана үйіргенде алақұйын,
Берендер сақтап қалған дала күйін.
Орлыбай, Орын, Сержан, Розалар,
Ұсынар саф алтындай баба сыйын.
Сайлаған сәйгүліктей арман атын,
Күміс үн көкірегімде сорғала тұн.
Мұра боп Өскенбай күй Мұратына,
Әзірбай жалғастырған аманатын.
Жүзгендей аққу бейне айдынында,
Әуезін бұлбұл әуен жайды мұнда.
Желдіртіп жеті қайқы бұл мекенде,
Жүрегін билетпеген қайғы мұңға.
Дидарын даламыздың күн қақтаған,
Ән мен жыр әуезінен ырғақ табам.
Мекенін меруерттей нұрға бөлеп,
Сауықпен сал-серілер бұлғақтаған.
Жылкелді, Өскенбай мен Досаттарым,
Бұлбұлдай жырлап өткен масат бағын.
Шолтаман, Әділ, Тұрсын, Тастемір боп,
Төсіне туған елдің қоса аттадың.
Кемерден кермиық ән толқып ағып,
Орайды арман-әуен аңқыма анық.
Тудырған дархан-дарын өнерпазын,
Ғаламат қазақ-атты халқым алып.





Пікір жазу