13.07.2022
  82


Автор: Нұрмұханбет Боранбаев

Шертілер туған жерім күйің дастан...

Шертілер туған жерім күйің дастан,
Соқпақ жол тарихпен шиырласқан.
Қарт Каспий буырқанып толқын атып,
Ақтаудың жағалауын сүйіп жатқан.
Келбетің кемел күнде шырайланып,
Құзардан құлжаң қарғып құлайды анық.
Жетібай алауынан жылу тарап,
Өзенің мұнай кенін құрайды анық.
Жырласам Маңғыстаудың кең өлкесін,
Жалғаған болашаққа кемел көшін.
Қойнауың қазыналы маржан теңіз,
Бозашы, Қаражанбас, Қаламқасың.
Маңғыстау мерейлі өлке азат бағым,
Жанғанда шамшырақтай әз оттарың.
Қадамын келешекке нық басады,
Газ өңдеу, мұнай өңдеу заводтарың.
Маңғыстау мәртебемсің мәңгі мақтан,
Жаралған маржан мұхит, алау оттан.
Түлеген түбегімді күн айналып,
Ақ шуақ аймалайды арайлы ақ таң.
Жарқ етіп шара көзде жанды ма оттар,
Жібек жол бәйге күрең, шал құйрықтар.
Атбегі аламанға баптап қосқан,
Жел қанат апайтөсті арғымақтар.
Жусаның жұпар шашып желбіреген,
Селеуің самал соқса селдіреген.
Өргізген өрісінен төрт түлік мал,
Маң басқан мая інгенді сен бәр әлем.
Шаттығын шыңға бөлеп шарайна қып,
Шымырлап жанға сезім тарайды анық.
Ерлікке есік ашып ен даламыз,
Ғасырлар биігінен қарайды анық.





Пікір жазу