13.07.2022
  101


Автор: Нұрмұханбет Боранбаев

МАҢҒЫСТАУ

Құла таң қаққан сәтте құлашын жай,
Серілік серке сәуле құратындай.
Маңғыстау маржан мұхит атамекен,
Аңызың айбынды ел мұратындай.
Сар далам сал сағыныш мұнар сағым,
Құйғылтқан құба жонда құлан тағың.
Көк күмбез аспаныңа күн өрлесе,
Нар өркеш құмдарыңда құмаршығың.
Қақ жарып нұр-шұғыла қара түнді,
Шаттықтан шүпірлеген шара тұнды.
Шерткенде шежірелеп тарихын,
Қарттарың қазыналы дана-сынды.
Қаққанда құт қонысқа қадаңды анық,
Сұғынған сыртқы жауың мазаңды алып.
Семсерін сертке ұстаған саңлақ ерлер,
Қаланған қабырғаңа қамал болып.
Ер Қармыс, Балуанияз, ер Төлеппен,
Ер Досан ереуіл ат ентелеткен.
Ер Шабай он бесінде жауға шауып,
Ерлігін бүгінгі ұрпақ ертегі еткен.
Құйғылтқан құба жонда құйын дара,
Құлбарақ жау қолында қыйылды о да.
Төккенде кекті жауы сарбаздарын,
Сұңқардай шүйіп түскен Сүйінқара.
Бозаң күй, боз домбыра серік еткен,
Маңғыстау сері еді елі неткен.
Желдіртіп жеті қайқы жел маядай,
Бес жүйрік беделіңді берік еткен.
Маңдайын маңғыз елдің ғасыр өпкен,
Тоғысқан сан қуаныш қасіретпен.
Аяулы Ақбөбектей ару қызың,
Қайыбын Мәжнүндей ғашық еткен.
Аққу ән, бозінген күй, алмас қылыш,
Бабалар серік еткен жолдас қылып.
Түлетіп туған елдің кешегісін,
Жатады болашақпен жалғастырып.





Пікір жазу