13.07.2022
  104


Автор: Нұрмұханбет Боранбаев

АРНАУ

(Ақын Қаржаубай Жылқыбаевқа)
Талғамы биіктетіп аласыны,
Бурыл шаш бейнесіне жарасады.
Жүретін Бейнеуімде алшаң басып,
Қазақтың қарапайым қара шалы.
Дарабоз болмасам да атым ақын,
Кез еді жүректің мол оты басым.
Тартып ап темекісін баппен ғана,
Ақжарма әңгіме айтып отыратын.
Дәуір ед думаны дүр,сазы бөлек,
Шертетін шежіре сыр базына кеп.
Қара шал Қаржекеңе қарайтынбыз,
Қордалы қоймасы бар қазына деп.
Жайсаң жан жағатын-ды шырақ отын,
Жазира жүрегінен жыр ағатын.
Үн қосып замананың заңғарынан,
Бір кезең сомдап кеттің мұрағатын.
Ұстаз-ды парасаттың биігінде,
Марапат, бұйырмаған сыйы мүлде.
Қаза боп қара шалым кетті мүлде,
Күйініп көрбақтардың күйігінде.
Дарабоз баланбаған дара шыңға,
Дарын ең берерің мол аласыңда,
Өнерпаз Бейнеуімнің өрендерін,
Тербелттің алтыбақан аясында.
Тербеліп тіршіліктің кемесінде,
Қаржеке аңсап жүрміз елесіңді.
Інің боп үзеңгілес үн қатайын,
Сақталдың сайыпқыран ел есінде.
Асқар ең айдыны зор,қырау басың,
Еске алдым,естеліктен сыр ауласын.
Аз ғана сөз арнадым аруағына,
Бақилық мекенінде бір аунасын.





Пікір жазу