13.07.2022
  154


Автор: Нұрмұханбет Боранбаев

Дариға дәурен жастық шақ,...

Дариға дәурен жастық шақ,
Дүниені дүйім дос қып бақ.
Атойлап қаның тамырда,
Шарайна жүрек досты ұқпақ.
Баябан өлкем бақ қонған,
Шолпаның туса шоқталған.
Шатқалың, құзар, шыңдарың,
Шілдеде күнге қақталған.
Шежіре, шешен шалдарым,
Мәжіліс болса мәнерлеп,
Мәйегін сөздің ақтарған.
Маржандай мәнді өсиет,
Мақамы жырдай жатталған.
Қырмызы гүлдей құлпырып,
Қыз өссін ғажап ұлтымнан.
Бұлқынған бойда бұла күш,
Жігітің неткен жүректі.
Талшыбық сынды иіліп,
Келінің жүрсін ізетті.
Қарқара жаулық, кимешек,
Үйелмен үймен үйлесіп,
Әжелер жүрсе әрдайым,
¥лтыңды ұлық үлгі етіп.
Қордалы қойма қарттарға,
Бас иер қазақ қаймана.
Жүрекке жағып ұран-от,
Өнеге тыңдап қарттардан.
Қаймағын бұзбай қалпыңның,
Қазақи дәстүр-салтыңның.
Болашақ ұрпақ келеді,
Жамағат қарсы ал, жұрағат.
Туыңды биік көтеріп,
Жүрекке жауһар жыр өріп.
Мұраңа ие мұратпен,
Қоймаңды қорғап мұрағат.





Пікір жазу