13.07.2022
  110


Автор: Нұрмұханбет Боранбаев

ДҮНИЕ ЖҰМБАҚ НЕ ДЕРСІҢ.

Таңғы шықтардан тамшы жас талай төгілді,
Ойран ойларым ойсыратқанда көңілді.
Көк зеңгір аспан ғаламат биік деуші едім,
Көк жиектерден күміс жұлдыздар сөгілді.
Кіреуке көңіл, қайтемін сені кір басқан,
Жұлдызын жоқтар жамылып қайғы мұңды аспан.
Бір жұлдыз ақты тілгілеп төсін аспанның,
Сырғиды уақыт шаруасы қанша тынбастан.
Бөрлігіп барып басылды бір сәт көп бөрі,
Жасуға әсте жібермес көкжал тектері.
Асау қан ойнап бұлқынған батыл жүректе,
Қандасып қайтқан шайқаста шексіз кектері.
Көк бөрі текті азуын салар дұшпанға,
Бүкеңде белде салтыңды қатал ұстан да.
Көп төбет қалсын құйрығын қысып бұтына,
Атойлап алға ойқастап өзің шыққанда.
Дір етсе дарақ дүркіреп ұшты кептері,
Момын да мынау батыл мінездер жоқ тегі.
Ғаламда ғажап орнасын дейтін тыныштық,
Ақ пейіл құстар аққанат арман өйткені.
Есер мен есті түскендей түпсіз егеске,
Аруана ойлар аңырап боздар белесте.
Дүние дүйім дүрбелең шақта дүрліккен,
Бұлқынып қалып бал-бұлақ ақсын еңеске.
Бүршігін жарып көктесін балғын құрақ тал,
Жалғансын деймін тамырдан нәр ап мұраттар.
Шытырман ойлар бұйра бұлт бейне жөңкілген,
Санада сансыз шешімін таппас сұрақтар.
Маңдайда маңғыз мөлдіреп тұрсын тамшы бақ,
Жерұйық мекен бұлбұлы сайрап әнші алап.
Ақ нөсер өтер ақпа да төкпе нұр құйып,
Бұйра бұлттардың найзағай жонын қамшылап.
Қыс өтсе қатал келер деп көктем сенесің,
Көбелек көлбер сағымның қуып елесін.
Жәудіреп қарап жауқазын гүлдің жанары


Жұмбағы шексіз дүние, саған не дерсің!
Жұмбағы шексіз дүние, саған не дерсің!





Пікір жазу