13.07.2022
  159


Автор: Амангелді Бұғабаев

ЕЙ, ЖІГІТТЕР, ЖІГІТТЕР!

Ұқпаушы еді ұлылар,
Айтуға тіл жоқ, мұңы бар.
Жасынан тілі жұлынған,
Мылқаудың жанын ұғынар,
Айтпаса, Ақын, кім ұғар?!
Айта алмай кетсем жұлыңғыр,
Алмастан өткір тілім бар.
Құрсақтан шыққан құлын-жыр,
Жаныңды баурап алмаса,
Өлеңде қандай құным бар?!
Маң, маң басқан, маң басқан,
Маңымды жүрген сан қасқа,
Мал үшін елмен жандаса,
Бұрмаса бүйрек қандасқа,
Алдаспан-жырды алқымға,
Тақасам құлақ салмас па?!
Сары уызы кеппеген,
Балғындап мұрты теппеген,
Ізіме ерген іні үшін,
Болашақ жарқын күн үшін,
Алқаға түссем болмас па?!
“Хан бұрылып қараған,
Би бұрылып сұраған”,
Құмартып көңілің жылаған.
Жалған да жалғыз айым дер,
Жан құрбыңның жайын көр,
Торығып жасын бұлаған.
Көлімнен аққу-қаз кетті,
Көңілдегі әсем наз кетті.
Ішегі майлы саз бетті,
Төресінен түңіліп,
Ағайын жаннан баз кешті.
Ей, жігіттер, жігіттер!
Үміт – сәуле, күдік көр!
Құлақ сал, сөзге білікті Ер!
Құлқын билеп сананы,
Ұлық сүйген параны,
Зар заманға кез келдік,
Бәйгіге басың тігіп көр!





Пікір жазу