13.07.2022
115
ЕСЕЮ
Бұрынғыдан жүрегім соға ма өзі қаттырақ,
Балалықтың қылығы қала қойған жоқ бірақ.
Жастық шақта жүрекке жалын орап жүрумен,
Алыппыз –ау құрбылар жиырма бес жас құрап.
Жиырма бес жас өзінің мейірлігін әкеліп,
Күтіп тұрған сияқты алдымда асу әкелік.
Күтіп жүрген сияқты бір сұлу қыз армандай.
Достар күткен той күні, о да жақын қалғандай.
Жақын қалған сияқты ақындықтың ауылы,
Мені содан күтіңдер қалың достар қауымы.
Балаң көңіл балауса, өткен күндер жатыр нық,
Жақын қалған сияқты менен күткен батырлық.
Бәрі жақын, бәрі тез өте қоймақ сияқты,
Бірақ шындық айтылсын, былай қойып ұятты.
Арман болған о, бақыт жастығымның төрінде,
Қайта айналып жоғалшы, бір жарық етіп көрінде.