ТӨРЕМҰРАТ БАТЫРДЫҢ СОҢҒЫ СӨЗІ
Бір шайқаста Төремұрат батырды түркменнің онсегіз жастағы батыры Қарабақы қапыда аттан түсіріпті. Сонда жаралы батырдың айтқаны:
Бота тірсек қаз мойын арғымақтан,
Уа, Аруақ, шынымен түскенім бе?!
Қара семсер талайды зар жылатқан,
Тот бас енді жетеңнен үш бөлін де.
Ей, сарбазым жасқанба,
Биік көтер еңсеңді.
Бір қатыннан туғанбыз
Сенде,
Менде,
Дұшпанда,
Серме қайқы семсерді.
Найза ұстаған қолына,
Жігітті жерге қаратпаң.
Жақсылықтың жолына,
Жеткізер оны жаратқан.
Ей, Жасаған,
Шығарғанша маңдайымнан суық тер,
Шай қайнатым қуат бер.
Шыдатып бақ осы соңғы шайқасқа,
Мейлің сосын тас төбемнен жай таста!
Садақ қайда
Жарты кездей жетесінен керілген?
Беу, дүние-ай,
Қас дұшпанға жығылсам да берілмен.
Біссімілла,
Қайран білек өр кеуде,
Көтертпейді сол жығылған жерімнен.
Мейлің жыла, мейлің енді күй ақтар,
Аттан түскен жанда қандай қуат бар.
Қайран дәурен, өр кеудемді кешегі,
Қаршылдатып таптап өтті-ау тұяқтар.
Шайқастың соңында Қара Бақының қанжығасына өңгеріліп бара жатқан Төремұраттың сұлу зайыбы Қызданайдың (Қыздансұлу) батырға
қатқан тілі:
О, батырым,
Арындаған ер едің,
Екпінің тауды құлатқан.
Үш сынаққа алып ем,соңғысы сені сұлатқан.
Ойламаушы едім өзімді, шашы ұзын әйел деп,
Тұсыңнан өтіп барамын, жынысым мені жылатқан.
Әулетің сенің Адай-Таз
Батырлар елі қашаннан.
Талай жауды қашырдың көкала сайман жасанған.
Далада қалып барасың,
Қаршадай бала тап болды,
Төрекем қай тасаңнан.
Сонда шала жансар жатқан Төремұрат басын көтеріп:
Уа, Жасаған,
Жатып қаппын қара жерді жастана,
Мені құшқан қатын болсаң жаман ырым бастама.
Қайран заман сенің үшін жауласқан қас батырдың,
Жоғал, көзге көрінбе, бетін жауып тастада.
Батырды құшып мәрттенген әйел ме деп ем,
Суарылған от демнен,
Әзіз жаның ысылған.
Көмгізбейтін қатынына күйеуін ол неғылған мұсылман.
Одан да жақсы еді ой үндемей кетсең тұсымнан.
Ей, балақай мақтан ба,
Қас дұшпаның жараланып жатқанға.
Әкел анау сұр жебеңді ауызыма,
Қарш- қарш шайнап, түсірейін өзіңді,
Өзің жыққан қақпанға.
Уа, Аруақ!..