13.07.2022
  115


Автор: Рахмет Аяпбергенұлы

Анашым - азу тісім түсіп қалған...

Ұшырып басымыздан бақыт құсты,
Істеді өз дегенін уақыт күшті.
Баршаға ерекше нұр шашқан көктен,
Біреуі қос жұлдызың ағып түсті...
Жас төгіп теңіз,көлім тулап қалды,
Ізінде сан толқыны шулап қалды...
Көк жасыл көктем болып шулап тұрған,
Біреуі қос Шынардың қулап қалды...
Суық сөз бар өлкені аралады,
Көліне ол енді қашан оралады?!
Тілеуін қанша адамның кесіп қаза,
Біреуін қос аққудың жаралады...
Жел бауы үзіліп бір үзік қалды,
Киілмей қанша көйлек,ішік қалды.
Анашым-түсімде өмір кемісінен,
Босаған азу тістей түсіп қалды...
Бар жаным алқымыма тығылғандай,
Өлім-оқ,аңдыған жау сұғынындай.
Үлегі жұп нарымның жалғыз қалып,
Біреуі аруананың жығылғндай...
Құлағын аса сөзге жер тіккендей,
Бұлағым-жоқтау айтып ентіккендей.
Жорғалап келе түсті құлап түсті-ау,
Біреуі қос тұлпардың мертіккендей.
Сұм ажал есік ашып батыр жандай,
Оқиға болып тұр ғой аh ұрғандай...
Кешегі қос арнаның суға толған,
Бірінің бос тығыны атылғандай!
Мөп-мөлдір кең өзенім ақпай қалды,
Жанары кірпігін бір қақпай қалды.
Тіреуі болған жерде көп адамның,
Біреуі қос жүректің соқпай қалды...





Пікір жазу