13.07.2022
  137


Автор: Рахмет Аяпбергенұлы

Аманбай ата туралы толғау

Халықтың аузында аңыз, жыр Аманбай,
Есінде қарттарымның тұр Аманбай.
Ардақты Кіші жүзде, Қосқұлағым,
Әруақты бабалардың бірі – Аманбай!
Сүттен ақ, судан таза ақ Аманбай,
Басына жақсылардың бақ Аманбай
Табанда өз пікірін бетке айтатын,
Жаманға менменсіген жоқ Аманбай,
Қолдашы қайда жүрсем ох, Аманбай.
Лапылдап жанып тұрған шоқ Аманбай
Шатылған талай сорлы абайсызда,
Атылған сараңдарға оқ Аманбай!
Арудай кең даласын құшып өткен,
Күн-құдай назары мың түсіп өткен.
Жарымен әлдеқайда сөзге келіп,
Аманбай саған жоқ, - деп ұшып кеткен...
Қарғысым айтар сөздің жүйесін тап,
Кәдімгі нақты өзінің иесін тап.
Қоштасқан бұл пәнимен жануары,
Аманбай – деп тіл қатса «түйесін қақ»
Өмірде талай қасқыр, қу өтіпті,
Тірлікте жүрген жерін шу етіпті...
Әрдайым амандықты уағыздап,
Аманбай адалдықты ту етіпті.
Жұртына ізіндегі айқын ісі,
Сыйлайды болсын оны қайсы кісі?!
Жарықтық дәйім жаяу жүреді екен,
Аманбай елді кезген шайқы кісі.
Көргендер көп біледі мұны менен,
Әңгіме ол айтсаң күні-түні менен...
Айтқаны сол мезетте орындалған,
Аманбай не айтса болды тіліменен.
Шіркін-ай кезікпедік өзімен бір,
Жолықтық елде қалған сөзімен кіл.
Адам ба, аң ба, құс па сеспей қатқан,
Аманбай атса болды көзімен бір.
Шайқалмағай өмірде бір тұнығым,
Сен тәңірім-шуағы мол Ұлы Күн.
Ғасырлармен тұлғаланып көркейіп,
Жырлана бер, нұрлана бер, Құрығым!
Мына жерде желмен ойнап тұлымың,
Өс қозы, лақ, өс ақ ботам, құлыным.
Әнді сайрап айта берсін бұлбұлдар,
Мәңгі жайнап гүлдене бер, Құрығым
Халық қойған жер атауы-ұлы ұғым,
Мына сөзде бір терең сыр тұр, ұлым,
Сипатпайтын жалын менен өзгеге,
Асау тұлпар жырым бол сен, Құрығым!





Пікір жазу