Мінеки, Оразмағамбет ортаңда тұр
( Белгілі ғалым- геолог, дінтанушы, ағартушы Оразмағамбет
Тұрмағамбетұлының рухына арнаймын)
Жапанға жалғыз біткен Емен бе едің?!
О, менің теңдесі жоқ кемеңгерім!
Талай кең ордаларда білім алған,
Қалай мен сені еске алсам төмендермін?!
Дәретсіз қарға адым жер аттамаған,
Құранда аяты жоқ жаттамаған.
Тосын жай НКВД қудалауы,
Осындай білімдармен мақтана алам!
Мың жұтсам тоймайтұғын зереңменен,
Суыңды ем білетін ерен денем.
Күмбірлеп алған сайын көбейетін,
Сен маған қара құдық тереңдеген.
Әуелеп биік өскен - бәйтерегім,
Геолог ғалым зерттер ой тереңін.
Сыр беріп денсаулығың тұрса егер,
Бір көріп ауру жанның айтар емін.
Молда үні, шәкірт үні еститінім,
Алмайды таң азаннан кешке тыным.
Айтады ән кең даламның бәрі сайрап,
Қайтадан сен тікейген Ақмешітім!
Санаған кіші кісі қашанда өзің,
Дана адам естімедік жалаң сөзін.
Бұхара, Хиуа, Үндіні аралаған,
Жер шарын шарлап қайтқан Жаһанкезім!
Өртенді жазған қара тақталары ,
Қашанда адал адам ақталады.
Құлады Кеңестің кер саясаты,
Қашанғы адам құқы тапталады?!
Маңғыстау - жаяу кезіп шаршаған жер,
Қуанып қарсы алуда самсаған нл.
Мінеки, Оразмағамбет ортаңда тұр,
Елімнің ел болуын аңсаған ер.