13.07.2022
  168


Автор: Рахмет Аяпбергенұлы

Олимпиада туралы жыр

Таңғажайып биыл жылдың барысы,
Тай – құлынның сыналады әр ісі.
Олимпиада - ұстаздардың табысы,
Олимпиада - білімділер жарысы.
Сендер менің ізбасар жүйріктерім,
Егеменді көркейтер сүйікті елін.
Отыр мұнда болашақ биологтар,
Отыр мұнда болашақ химиктерім.
Абылайлар елімді дара билер,
Бар шығар жас ішінде бала билер.
Кішкентай отыр мұнда Сара, Біржан,
Кішкентай отыр мұнда Фарабилер!
Бүгінгі мына отырған жас адамдар,
Ертеңгі ел басқарар бас мамандар.
Бұл залда отыр құрттай Абай, Мұхтар,
Бұл залда отыр құрттай Қашағандар!
Барлығыңа қолын бұлғап қыр асқар,
Баба жолын қуып өс дер гүл-жастар.
Отыр мұнда жап-жас Құрманғазылар,
Отыр мұнда жап-жас Дина, Күләштар!
Мына жиын үлкен мақсат көздейді,
Жас талдардан елім үміт үзбейді.
Олимпиада дарындарға жол ашып,
Олимпиада таланттарды іздейді.
Толып жатыр күрес-өмір сабағы,
Асау толқын келеді өсіп саналы.
Аспан білім айдынынан саралап,
Олимпиада шоқ жұлдыздар табады!





Пікір жазу