13.07.2022
  92


Автор: Аманғали Ербозұлы

Күнге,жаным, құмарсың...

Күнге,жаным, құмарсың,
Шуағы –өзің сияқты.
Гүлден алған шығарсың
Бетіңдегі ұятты.
Шашың сенің–қара орман
Жапырағы төгілген.
Күле шықтың сен алдан
Қардай аппақ көңілмен.
Пейілі бар өзіңде,
Дала десе, сенемін.
Тұңғиық-ты көзің де,
Теңізге мен теңедім.
Жолығып ем мен кеше,
Қабағыңда бар ызғар.
Қыс та саған, ендеше,
Болмаған-ау қарыздар.
Бәлкім, біреу сенбей ме,
Қалай бұған шыдармын?
Бұлтқа еліктеп сен кейде,
Жылайтынды шығардың.
Ондай кезде қиналам,
Шалқып-тасып жүр, жаным.
Барын саған сыйлаған
Табиғатқа ырзамын.





Пікір жазу