АРМАНДАУ КЕРЕК
Армандау керек,
Армандау керек күні-түні.
Ал онсыз өмір
Кешпеген артық, жігітім.
Армандау керек,
Арқалап жүріп күн сайын
Түған еліңнің
Болашағы мен үмітін.
Армандау керек,
Арманның қорғап намысын.
Армандау керек,
Дос күліп, дұшпан налысын.
Арманға жету
Оңай деймісің алайда,
Құр қиялдаудан
Әрекет қажет ол үшін.
Арманның жолы
Қиындау әрі солқылдақ.
Аш кезде жеген
Қатқан нан тәтті, ол–қымбат.
Бір арманыңа
Жеттім-ау енді дегенде,
Тағы бір арман
Жеткізбей кетсін қол бұлғап.
Арманым менің
Ұстатпай жүрген жыр–елік.
Жасындай көздің
Көмейде қалған тіреліп.
Байлығы құрсын,
Арқалап оны кетпейсің,
Арманы асқақ
Әдемі өмір сүрелік.
Арманға балқып,
Көз алдым түгел тұр еріп.
Қашқақтай көрме,
Екеуміз егіз жыр едік.
Арманға жетіп,
Жылайық бірге жыласақ.
Арманға жетіп,
Күлсек те бірге күлелік.
Әр бастың бірақ
Жетер ме бұған ақылы.
Әр қилы әркім
Армандауына хақылы…
Мансапқа жетіп,
Тояттап қалды, қайтерсің,
Бір «досым» менің
«Армандап» жүріп ақыры.
Шешілер бір күн
Жұмбағы қою тіршілік.
Алдамасын де,
Аяулың болған жыршы–үміт.
Немере түгіл,
Шөбере сүйген көрші шал
Көз жұмарында;
–Арман-ай!– депті күрсініп.
Неге айтты олай?
Естіген болсаң, күлмей бақ.
Жүремін соны
Жатсам да тұрсам күнде ойлап.
Соғысқа кеткен
Он ұлдан қайтып жалғыз ұл,
–Арманым жоқ!–деп,
Жылапты дейді бір бейбақ.
Әрине, ол сөз
Айтылған жоқ қой шегелеп.
Естісек оны
Басқа бір жаннан, сенер ек.
Он ұлдан қалған
Үміті, соңғы шырағы–
Бір ұлын көрсе,
Шал байғұс өзге недемек!?
Тоғыз ұл өліп,
Жоғалар кезде енді үміт,
Айтылған шығар,
Қанағатқа бой жеңдіріп.
«Арманым жоқ!» – деп
Айтатындардан сақтай гөр
Құрсағы құшақ,
Төрт құбыласы тең тұрып.
Армандау керек!
Армандаукерек күні-түні.
Ал, онсыз өмір
Сүрмеген артық, жігітім.
Армандау керек!–
Иықтан бір сәт түсірмей
Туған еліңнің
Болашағы мен үмітін!