13.07.2022
  106


Автор: Аманғали Ербозұлы

АЛМАТЫНЫҢ ЖАҢБЫРЫ

Қызғалдақтарын құлпыртып, жетелей көктем
Қаладан шығып, жолсызбен төтелей кеткен.
Жүріп ем біраз көшеде бой жазбақ болып,
Құрыпта берді көк нөсер төпелей көктен.
Көк нөсер жауса, жерім де, көп түлегенсің,
Көк көйлек киіп теректер, көк тірегенсің.
Толастамай бір жауады. Тоңып та кеттім,
Аспанның түбі тесіліп кетті ме дерсің!
Күрең бұлт түсі алғандай құрышқа малып.
Сорғалайды кеп төбеден ырысқа бағып.
Мөп-мөлдір тамаша бишідей алуан ырғақпен
Көзәйнегімнен барады жылыстап ағып.
Жаңбырдың душын қабылдап жаңарамын деп,
Жомарт жер жатыр өсіріп қала бағын көп.
Қол шатыр ұстап баратқан Ару күледі,
Тұрғанын сезбей менің де паналағым кеп.
Алматы ғажап осындай шатты өмірімен,
Самалы есіп жұпардай жатты өңірінен.
Жейдем су болса, кептіріп алармын әлі,
Төпелей берсін ақ жаңбыр ақ көңілімен.





Пікір жазу