ӘНШІ ҚЫЗҒА
(Бижамалға)
Ей, менің ақ тілеулі қарындасым,
Өзгеден бола бергей бағың басым.
Орнында ақын қалай отырады,
Шабыттың қоңырауы қағылғасын?!
Шабыттың қаққан өзің қоңырауын,
Болғай де көшкен бұлттың соңы жауын.
Жауындай төгіп салған әніңді естіп,
Малшынып кетті нұрға омырауым.
Көкейге небір әсем саз қонақтап,
Қоямын орынымнан қозғалақтап.
Жырлауға жетіп жатыр даусың, әнің,
Өзіңді мен не етейін көзге мақтап.
Бір әнде сауық-сайран құрған Ақан,
Бір әнде қанат қағып жүр балапан.
Салғанда сол әніңе «Жоныпалды»,
Бір аунап түскен шығар Біржан атаң.
Мен енді жабырқамай қайтам ба елге,
Сырымды айтам тау мен айтам желге.
Серіктің серілеу бір әнін тыңдап,
Болдым ғой шомылғандай «Шайтанкөлге».
Япыр-аү, бұл сиқырға сенейін бе?
Өзіңді кереметке теңейін де.
Мен білсем, бұл сен емес ән шырқаған,
Мың бұлбұл тұр-ау сайрап көмейіңде.
Ей, менің ақ тілеуім қарындасым,
Сен қазір шырқайтұғын шағыңдасың.
Орнында ақын қайтіп отырады,
Шабыттың қоңырауы қағылғасын?!