ИТ ТЕ БОЛСАҢ…
Ит те болсаң мен сені түсінемін,
Кеше ғана ақымақ күшік едің.
Арсалаңдап ал бүгін өп-өтірік,
Алдарқатып аласың кісі жемін.
Жағынуды үйрендің қалай, қашан?
Қоңданып та қалыпсын абайласам.
Дүниеден аш құрсақ өтер едің,
Әрине, сен намыс пен ар ойласаң.
Үйге келсе бейтаныс құдай айдап,
«Арс» етсең-ақ қашады ол тырағайлап.
Мені көрсең үлкен іс тындырғандай,
Жағымпаздық көзіңде тұрар ойнап.
Тәңір өзі ит қылып жаратқалы
Ойлатқаның қарын мен тамақ қамы.
Артты қысып кей кезде зып бересің,
Байқап қалсаң ашуды қабақтағы.
Тырнап ашып көзінді кішкенеден,
Үйді тінтіп, балақтан тістелеп ең.
Мейлі қаншық, төбет пе, әй, бәрібір,
Ит бола ма бір иттік істемеген.
Қазынамның толтырып жетпегенің,
Күзетсең де үйімді (көп көмегім)–
Сен сияқты иттерді ұнатсам да,
Сен сияқты адамды жек коремін.