13.07.2022
  121


Автор: Аманғали Ербозұлы

Ақын-Тағдыр

Наз-қоңырау – кеудесі күмбір қақпай,
Сиқыр сұлу шолпысын сыңғырлатпай,
Ақын отыр шерменде, құлазыған,
Көңілі бүгін қоңырқай тұнжыр бақтай.
Күндер қайда кешегі, кім біледі?
Есінде жоқ- ұмытты кімді, нені...
Табылмай тұр, амал не, табылмай тұр
Құлазыған көңілдің мың бір емі.
Жанына- шоқ,
Түскендей жүрегіне өрт.
Іште жатып әзәзіл күледі кеп.
Анадайдан қол созып жалаң аяқ,
Өлең дейтін сәбиі жүр еңіреп.
Ар алдында тайсақтап ерен қабақ,
Ақын отыр намысын көгендеп ап.
Екі иығы дірілдеп мұңлы Муза,
Егіледі үн-түнсіз төмен қарап.
Өр екпінмен тулатқан қан тамырды
Өрт шабыты өнердің сан дәуірі.
Шұрқырады бір кезде жер тарпынып
Тұрған Пегас белдеуде қаңтарулы.
Сол бір дауыс жігерін жанығандай,
Атып тұрды ол орнынан жаны қалмай.
Қайран Муза, қолында сәби-өлең,
Күбірлейді деп: «Оның жолы болғай!»





Пікір жазу