Әріптер мен сөздер
Кеше бала ең, келдің ғой талай жасқа,
Көз жетті бір қалыпта тұра алмасқа.
Адамды сүй, Алланың хикметін сез,
Не қызық бар өмірде онан басқа?!
Абай
1.
Ақиқатты тек Құраннан табасың,
Сүрелердің естілуі – жарасым.
Аяттарды бөлек-бөлек жіберген
Айырсын деп жақсы-жаман арасын.
Сырын білсең, серпілтетін күмәнді,
Бір күн емес, мың күн оқы Құранды.
Әр сөзінің мағынасы, мазмұны
Сынайды екен, шыңдайды екен шыдамды.
Серік қылып сертке берік сабырды,
Есіңе алсаң Құран сөзін қадірлі,
Жүрегіңді елжіретіп, ерітіп,
Иітеді алпыс екі тамырды.
2.
Әр әріптің әліппеде әдемі
Өз орны бар жарасымды, кәделі,
Арман қуған жетері анық мақсатқа,
Пәле қуған жолықтырар пәлені.
Білу қиын – бұған кімдер кінәлі?
Құлқы бөлек ойды теріс ұғады.
Амандыққа бір-ақ әріп қосылса,
Жамандатқыр!
Жамандық боп шығады.
Жөндемесе жетіп оған шыдамы,
Бір әріпте батпан салмақ тұр әлі.
Құтылуға бір-ақ әріп жанасса,
Арам қатқыр!
Құртылу боп шығады.
Сөз де емес, сөйлем де емес бір әріп,
Ақ қағазға анық түссе құба-құп.
Бір әріптің өзімен-ақ пенделер
Тіршілікте жатады екен сыналып.
3.
Үтір қойдым Жаратқанға шүкір қып,
Нүкте қойдым – жасағам жоқ күпірлік.
Ұзын, қысқа сөйлемдерден құралған
Әп-әдемі әңгіме ғой бұл тірлік.
Аз емес қой, бірақ, кезің қамығар,
Толып жатқан сұрақ белгі тағы бар.
Соның бәрін бір-ақ сызып тастайтын
Сиясы ащы қаламсап та табылар.
Бір әріптен біліне ме сөз дәмі,
Біз көрмеген тауқіметтер аз ба әлі?!
Әңгімеге леп белгі де қойылар,
Болса болар бір Алланың жазғаны.
4.
Өмір, өлім – төрт әріптен құрылып,
Салыстырсақ, бір-ақ әріп өзгеше.
Өмір жолы кетпейді ме бұрылып,
Сол бір әріп азғырынды сөзге ерсе.
Бір әріптен мағынасы өзгеріп,
Өмір көлі қалады екен суалып.
Қайда барсаң, тұтқиылдан кез келіп,
Өлім шебі қарсы алдыңда тұр анық.
Жаратушы қай кезде де ол шебер,
Алла деген сөздің өзі – төрт әріп.
Бұл әлемнің төрт бұрышы болса егер,
Жалғыз ғана Құдіреттен қорқалық!
5.
Жаңа күнім – дәптердің ақ парағы,
Қандай жазу жазуыма болады.
Қаламсаптан тамып жатқан әріптер
Құс секілді қағазыма қонады.
Бір біріне қосылмаса әріптер,
Қол-аяқсыз қалған бейне ғаріптер.
Сыңар аяқ болса, демеп, жетеле,
Қолы жоққа жетпейтінін алып бер.
Қолымдағы қағаз, сия, қаламмен,
Жаңа күнді жақсы өткізе алам мен.
Атқан таңды тамаша әнмен қарсы алып.
Батқан күнді шығарамын сол әнмен.
Бірақ, көңілің болса мүлде жоғары,
Сол парақты былғауға да болады.
Былғаныштың ар жағында былық көп,
Өзгелерге тимесін тек обалы.
Нұрлы жарық жанып тұрса үйіңде,
Күнім босқа кетті ғой деп күйінбе.
Қол тимесе жақсы сөзді айтуға,
Ақ парақты қалдыр таза күйінде.
6.
Алфавиттің алдыңғы әрпі болам деп,
Аласұрып жүріп жатқан адам көп.
Сөйлемдерді жалғап тұрсам болғаны,
Бас әріп те бола алатын шамам жоқ.
Кейбір әріп жарық беріп жанбаса,
Мұңаяды әдемі орын алмаса,
Әр әріптің міндеті ауыр, әлбетте,
Елеусіздеу қалғандығы болмаса.
Сөйлемдердің басы, қасы сол әріп,
Әңгіменің іргетасы сол әріп,
Өлгендердің құлпытасы сол әріп,
Жер бетінен кете алмайды жоғалып.
Олай болса, бас әріппен шектелме,
Кіші әріпті кішкентай деп жек көрме.
Сол әріптер үкім айтар өткенге,
Ғаріптігін түсінбей жүр көп пенде...
7.
Белгілі жай омыртқа мен қабырғам
Жасалмаған шикі, күйкі қамырдан.
Ет-жүрегім елжіресе, әрине,
Жақсылықты сағынған.
Біледі ғой аяғым мен қолдарым
Алда талай жұмыс және жол барын.
Сезе алмайды ойнап-күліп жүргендер
Қасіреттің салмағын.
Сөзім менің ұшып шыққан тілімнен
Жол-жөнекей күйе жұққан, бүлінген.
Жырларымды жамап-жасқап, түзеймін
Алла берген біліммен.
Көп сүреден басталады әріптер,
Жиырма сегіз әріп сырын танып көр.
Әріптерден құралатын сөйлемдер,
Санамызға жарық бер!
8.
Сөз сөйлейтін адам болып жаралдық,
Бәйтеректің бұтағындай таралдық,
Жамандықтың бастаушы әрпін құртқан жөн
Ел-жұртыңа тілер болсаң амандық.
Салт-дәстүрің жатқан шақта тоналып,
Білу қиын кім аласа, кім алып?
Өмір, өлім бір әріптен басталса,
Күн мен түннің айырмасы бір әріп.
Көп сөйлемде кіші әріптер бас әріп
Болып кейде жатыр қолдан жасалып.
Мезгіл желі тоздырады бәрібір,
Арзан сөзді тұрса-дағы қашалып.
Сөзді қуған жан болған соң өз басым,
Сөйлемдердің тілер едім тозбасын.
Сол сөздерде – сүйінішім, бақытым,
Сол сөздерде – күйінішім, көз жасым.