12.07.2022
  182


Автор: Шабаз Иманалиев

ҒАСЫРЫМ МЕНІҢ!

Ғасырым менің,
Сілкінтіп өткен жер-көкті.
Ғұмырымның алпыс жылы сенде өтті.
Етігімен су кешіп,
Талай ұрпағың ер жетті.
Қанменен, термен
Ып-ыстық қылып жер-көкті,
Көк аспан, жермен
Бесігімізді тербетті.
Көкірегінде қайғы,
Көзінде жасы сорғалап,
Аштықтан, жұттан ел кетті.
Ғасырым менің,
Ұлдарың ұлы бола алған.
Дүниеден өткен жанында үміт,
Кеуделері толы арман.
Ал жетесіздерің
Ізсіз-түссіз жоғалған.
Ғасырым менің,
Қазағым талай қан кешкен,
Жаралы жүрек,
Жалмауыз зындан қалды есте.
Ширығып келіп,
Шыңдала берген ұландар
Шынар секілді
Тасты жарып, жарда өскен.
Ғасырым менің,
Бақытын да сыйлаған,
Бақытсыздығын да сыйлаған.
Қара көкіректі пендені
Қара пейілден тыймаған.
Құдіретті де,
Құбыжықты да жинаған.
Ұры тазы секілденген сумақай
Болып алған сыйлы адам.
Сырымды айтып тұрмын мен
Көкірегіме сыймаған.
Ғасырым менің,
Жазықсыздарың қан құсқан,
Жазықтыларың өле алмай жүрген,
Ардақтыларыңды арбап жүр ғой қарғыстан,
Жиналып келіп дүниедегі бар мыстан.
Момақандарың жұбатып жүрген өзді-өзін
«Озмыш жоқ қой,
– деп,
– жазмыштан».
Ғасырым менің,
Сыйлаған талай асылды,
Жұмекендер мен Төлегендерді, Қасымды.
Кеуделері бітеу, ниеттері арамдар
Топшысын қиған солардың.
Есіме алсам, тыя алмай қалам
Көзіме келген жасымды.
Ғасырым менің,
Өсек-аяңға жел берген,
Быт-шыт қылып, айырып болған елді елден,
Сәйгүліктерді жабыларынан кем көрген.
Қулық, сұмды
қ, аярлық атты нәлеттер
Асылдарын ат артына өңгерген.
Орталарыңда тұрмыз ғой,
Ей, екі ғасырдың тоғысы!
Бітетін емес әділеттік пен
Зұлымдықтың әлі соғысы.
Аттайтын жаңа ғасырда
Қоқыстарды тұңғиыққа алып кетсейші,
Замананың асау ағысы!
Ағызып кеткей пенделердегі
Кіреукелерді, қайғыны.
Қатер келер деп күтпейтіндей қай күні,
Адам баласы сезінер болса,
Мейрам екенін
Жарық дүниенің мынау бар күні





Пікір жазу