ТЕМІРХАН ТУРАЛЫ СӨЗ
Жақсылыққа кейуанадай еміренген,
Жамандыққа абыздай боп күңіренген
Әз Темірхан келіп қапты елуге,
Атыраудай толқып-толқып, тебіренген.
Көздің жасын өлеңімен тыятын,
Аңызақта теңіз болып құятын.
Өр Темірхан келіп қапты елуге,
Аппақ әлем жанарына сыятын.
Сарыарқаның самалындай аңқылдап,
Маңғыстаудың қыранындай саңқылдап;
Өр Темірхан келіп қапты елуге,
Зеңгір көкте найзағайдай саңқылдап.
Жауыздықтың сындыратын қанатын,
Тоғышардың алқымынан алатын
Ер Темірхан келіп қапты елуге,
Келер күнге халқымен бір баратын.
Қысылғанды қолтығынан демейтін,
Құзғындарша өлексені жемейтін;
Жүрегінде сәулесі бар пенденің
Көкжиегін жіберетін кеңейтіп.
Ұятсыздар үшін өзі арланып,
Жетесіздер үшін өзі қорланып;
Ар-Темірхан жүреді ылғи қиналып,
Орта түссе адамдықтың, адалдықтың арманы.
Жер бетінде жүйткитіндей бір-ақ күн,
Тізгінін бір тартпайды ақын пырақтың.
Сергек түгіл марғауларды серпілтіп,
Дүбірімен оятады құйма болат тұяқтың.
Тілегім бұл ақын інім, досыма,
Тіршіліктің күйбеңіне, кірбіңіне жасымай;
Жыр-Темірхан елу түгіл тоқсанда
Жырлай берсін, заулай берсін осылай!