12.07.2022
104
ҚАТТЫКӨЛІМ
Кеседей төңкеріліп жатты белің,
Қасыңа келгенімде, Қаттыкөлім.
Көмкеріп қалың құрақ, қошемет қып,
«Кел, түс» деп мөлдіреді тәтті көлің.
Үн қатып аққу сұлу сыңқылдаған,
Төсіңді толқын сүйіп, сылқылдаған.
Төрінде көлдің әсем еркеледім,
Ол маған – аймалаған сықылды анам.
Қамқорлап, Отан-әке, сенде өстім,
Самалға қырға шығып, құлақ тостым.
Жыр ұғып сылдырынан құрағыңның,
Жүрекке толқыныңнан толқын қостым.
Сүйемін Қаттыкөлді – туған өлкем,
Елімнің бір бөлігі мұнда көркем.
Сұлу қыз, батыр жігіт еңбектегі –
Қаттыкөл, түлектерің – сенің еркең!