ДАЛА ИЕСІ ТУРАЛЫ ЖЫР
(Сақан Дәулетқалиевке)
Барады таңнан күн ығып,
Оранды сәуле төңірек.
Бұлтсыз аспан түңіліп,
Керілді дала кеңірек.
Хабарын таңмен бергізіп,
Басталды, міне, жаңа күн,
Қойларын баяу өргізіп,
Иесі шықты даланың.
Сұлудай дала назданып,
Тартады жігіт жанарын.
Сағымы сәнмен қозғалып,
Самалы тербеп көгалын.
Түсіне білген кісіге
Даланың сыры әлі бар.
Алуан адам ішінен
Сырласы болған жан ұғар.
Сәби Сақан кіндігін
Осы ғой сонау кескен жер.
Достармен ойнап күнбе-күн,
Кей-кейде ренжіскен жер.
Шапқылап, қозы қайырып,
Анау қыр тайдан құлаған.
Жігіттікке бой ұрып,
Осында жары ұнаған.
Арманы кейде жатса алыс,
Ұмтылған жігіт көнбей бір.
Әр бұтасы тап-таныс,
Еңбегі жанған жер ғой бұл.
Ел ағасы хат жазып,
Осыннан алған хабарын.
Бүкіл елі шаттанып,
Думаны болған даланың.
Мол ғой еңбек зейнеті
Кетеді шаршауды ұмытып.
Төсінде көсем бейнесі
Жүреді жанын жылытып.
Дарқан дала, кең мекен,
Еркін шалқып көсілген.
Ер бақыты сенде екен
Елі аялап өсірген.
Оралады өрістен
Күнді ұяға қондырып.
Бақытпен күнде көріскен
Дала иесі – сол жігіт.