12.07.2022
  80


Автор: Шабаз Иманалиев

КЕЛ, КЕПТІР

Айдынның беті ақ көбік,
Жинаған, сірә, кім қайдан?
Толқынға толқын шап беріп,
Басталып кетті бір майдан.
Қақ айырды көкті бір,
Найзағай шығып от өріп.
Толқынды толқын соқты бір,
Жамбасқа салып көтеріп.
Ал мықты бол қайыққа,
Ырқына желдің босатпа.
Мейлің, дауыл, айықпа,
Қаһарың, Каспий, осы-ақ па?!
Мұқият ұста рульді,
Моторға жүріс бер енді.
Өріне қарап тұр енді,
Нұсқаса теңіз тереңді.
...Ашу қалды жөнінде,
Дауыл қайта соқпады.
Бір сырыл бар демінде,
Ұялып Каспий тоқтады.
Завод та, әні, көрінді,
Ой да шат, бой да сергек тұр.
Теңізде тапқан терімді,
Теңіздің желі, кел, кептір!





Пікір жазу