12.07.2022
87
ТҮН
Ойхой, түн, маужыраған дала түні-ай!
Жаныңды аясына алатыны-ай.
Селдір бұлт орамалын желбіретіп,
Көгінде серуендеп баратыр ай.
Сал-самал соға түсіп, сәл тынады,
Көл бетін көп суретке толтырады.
Ұмтылған анасына сәбидей-ақ
Балапан құрақтар да талпынады.
Арбалып тыныштыққа, көз ілмедім,
Кеудемді лық толтырып сезім менің.
Үй жақтан күміс күлкі сыңғыр етті,
Ақ сәулем, «Бұл кім?» десем, өзің бе едің?!.